Оқушыларды 2023-2024 оқу жылына қабылдау

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектепинтернаты» республикалық мемлекеттік мекемесі 20232024 оқу жылына 1сыныпқа келесі мамандықтар бойынша конкурстық қабылдау жариялайды: (2-8 сынып аралығындағы оқушылар резервке алынады. Мектепке орын босаған жағдайда белгіленген тәртіппен шақырылады.) 

  • арнайы фортепиано;
  • ішекті аспаптар (скрипка, альт, виолончель, контрабас);
  • үрлемелі және ұрмалы аспаптар (флейта, гобой, кларнет, фагот, валторна, труба, тромбон, туба, саксофон және ұрмалы аспаптар);
  • халық аспаптары (домбыра, домбра-прима, қобыз-прима, қыл қобыз, баян).  

Конкурстық қабылдауға дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінде білім алуға айрықша музыкалық қабілеті бар, мектепалды дайындықтан  өткен 6-7 жастағы балалар жіберіледі.

Конкурс 3 кезеңнен тұрады:

Табиғи музыкалық қабілеттерінің болуын тексеруге арналған тестілеу (музыкалық есте сақтау, есту, ырғақ, интонация және т.б.), аспапқа  бейімділігі, ойнау аппаратының сәйкестігі және т. б.

Музыкалық есте сақтау қабілетін анықтауға арналған тестілеу (тапсырма күрделенеді: 4 және одан да көп тактілі әуен үзінділері орындалады,  күрделенген ырғақты тапсырмалар беріледі, ал дайындығы бар балалар үшін аспапта бірнеше шығарма орындау ұсынылады).

Баланың музыкалық дарынды балаларға арналған мектепте оқуға психологиялық дайындығын тестілеу (жеке дайындығы – эмоционалдық тұрақтылығы). Интеллектуалдық дайындығы – жалпы дамуы, ой өрісі, сөздік  қоры, ауызекі сөйлеу тілі, ұсақ заттармен іс-қимыл жасауды меңгеруі, танымдық процестерінің дамуы (зейін, есте сақтау, ойлау, елестету), ақпаратты талдау, жинақтау, жүйелеу мүмкіндіктері, қорытынды жасай алуы. Әлеуметтік-психологиялық дайындығы – баланың басқа балалармен қолайлы қарым-қатынас орната білуі, бірлесе жұмыс істей білуі, тыңдай білуі мен қоғамдық тәртіп нормаларын сақтауы.

         Мектеп ережесіне сәйкес жоғары балл жинаған талапкерлер 1-сыныпқа қабылданады. Баланы аспаптар бойынша мамандықтарға бөлу – комиссия құзырында.

         Мектепте білім беру қазақ тілінде жүргізіледі. Оқу мерзімі – 12 жыл. Қазақстанның алыс аудандарынан және облыстарынан келіп түскен балаларды мектеп жанындағы интернатқа қабылдау тұрғылықты жерінде тіркелгенін растаған жағдайда (электрондық үкімет (e-gov) порталы арқылы мәлімет) жүзеге асырылады. Өтініш берген сәтте мекенжайды растайтын құжат скриншоты құжаттармен қоса беріледі.

Біздің мекен-жайымыз: Алматы қ., Әуезов к-сі, 66/5

Анықтама телефондары: 8 (727) 375 55 42;