Жалпы ата-аналар жиналысы өтті

Бүгін мектепте жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Жиналысты мектеп директоры Әшіров Нұркен Нұрғалиұлы бастап, жиналған жұртты жаңа оқу жылының басталуымен және жаңа жыл мерекесімен құттықтады. 
Басқосуда «Адалдық алаңы» жобасы, бітіруші сыныптардың мемлекеттік емтихандары туралы мәліметтер баяндалды. Мектептің ішкі тәртібі туралы, соның ішінде балалардың ұялы телефон қолдануына тыйым салу, ата-аналар және өзге де адамдардың мектеп ішіне рұқсатсыз кірмеуі, абонементтік концерттерден қалмау, оқу үлгерімі төмендеп жатқан оқушылардың ата-аналарына ескертулер айтылды. Бауыржан Момышұлы: «тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, мектептің тәртібіне бағыну міндеті қойылды.
Сонымен қатар, күні кеше Мемлекет басшысы қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңы жайлы ақпараттар баяндалып, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, барлығы да ұстаздан білім, тәлім алғандықтан, ұлағатты ұстаздардың мәртебесі баяндалды.
Жиналыс барысында, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы кішігірім болса да, ой тастарлық видеороликтер көрсетілді. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» – деп айтып кеткендей, балалардың баянды болашақтары үшін педагогтар мен ата-аналардың күшін біріктіріп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу мақсаты алға қойылды.
Бала тәрбиесі – басты мәселе. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды», «Тәрбиенің бастауы – отбасы», «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле, себебі, бала сенен көргенін қайталайды» деп мектеп директоры «Балаларыңыз мықты әртіс болар, ақылды ғалым болар, бірақ ең алғашқы тәрбие – сіздерден» деп жақсылыққа, игі істерге шақырды. Соның ішінде, «ұят болады» деген бір ауыз сөздің өзі қазақты жаман қадамға апармайтынын, үлкенге құрмет, т.б. ұлттық тәрбемізді жаңғыртуға шақырды. Ал, ата-аналар болса, жылы лебіздерін білдіріп, алаңсыз жұмыс істеп жүргеніміз, балаларымызды сеніп тапсырған Жұбанов мектебінің ұстаздарының арқасы. Мектеп ғимаратының ескіргеніне қарамай, музыканттар үшін ең маңызды дүние – аспаптардың ескіруіне қарамай, соларды ұқыптап, балаларымызға білім беріп, бірлік пен еңбектің арқасында халықаралық, республикалық конкурстарда лауреат атанып, үміттерімізді ақтап келеді. 55 жылдыққа арналған концерт – соның куәсі.

Ата-аналар өздерінің тараптарынан әр түрлі ұсыныстар, пікірлер білдіріп және сұрақтар қойды. Қойылған сұрақтардың ішінде мектепке күрделі жөндеу жұмыстары керектігі, интернат мәселесі, балалардың тамақтануы сөз болды. Мектеп директоры жан-жақты іс-шараларды қолға алып, алдағы уақытта міндетті түрде оң шешім шығаратындығына уәде берді. 
Сонымен қатар, Нұркен Нұрғалиұлы биыл, яғни, 2020 жыл «Волонтер жылы» деп белгіленуіне орай, әр ата-ана, оқушы және ұстаздарды 7 игі іс істеуге шақырды. 
«Әр адам бір жылда «7 игі іс» деген мақсат қойып, сол бойынша әрекет етсе, әлемде көп нәрсе өзгерер еді» – деп 7 игі істің мазмұнын айтып өтті:
1. «Өз үйім – өлең төсегім» деген ұран аясында әрбір интернат тұрғыны өз бөлмесіне, не болмаса интернатқа қандайда бір пайдалы дүние жасағанын сұрар едім.
2. «Өткен күн – ұлы тарих» – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап қайырымдылық концертін өткізу.
3. «Туған жер – алтын бесік» – атпенен әркім өз тұрғылықты жеріне, мектебіне тал егу, гүл егу т.б. шаралар өткізсе;
4. «Bookcrossing» мектептің кітапханасына кітап саяхаты. Сондай-ақ, акция барысында оқушы өзіне ұнаған бір кітапты алып, орнына екі кітап әкеледі. Кітаптың ішіне оқушы аталған кітап туралы пікірін жазып қалдырады. 
5. «Құстар біздің досымыз» атты іс-шара. Іс шараға атаулы мектептің оқушылары қатысып, құстардың түрлерімен, олардың мекендейтін жерлерімен, бір сөзбен айтқанда жалпы өмір сүру әдеттерімен танысады, арттырады. Құстарға қамқорлық білдіру мақсатында мектептің ауласында орналасқан ағаштарға құстар ұясын жасап ілу және құстарға жем шашу.
6. «Таза болса табиғат – аман болар адамзат». Аталған іс-шара оқушыларды мектептің және өз тұратын үйлерінің ауласын тазарту.

7. «Мейірімділік – ізгі ниеттің бір көрінісі» қарттар және балалар үйіне арнап қайырымдылық концертін өткізу.

“Ұл – қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына күш салайық. Балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеп, бірлесе, ынтымақтаса әрекет етейік” – деп мектеп директоры жиналысты аяқтады.