Сапиолла Молдағалиұлы Жакеевтің 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Сапиолла Жакеев 1931 жылы 14 қарашада Орал облысы, Теректі ауданы, Социализм колхозында дүниеге келген. 1941 жылы Орал қаласындағы музыка мектеп-интернатының тамаша музыканты Алексей Борисович Брокмиллердің виолончель сыныбына оқуға түседі. Алексей Борисовичтің ерекше еңбегі С. М. Жакеевтің орындаушылық және педагогикалық негізінің дұрыс қалыптасуына көмектесті. 1954 жылы Сапиолла Молдағалиұлы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. Қазақстанның виолончель мектебінің қалыптасуына септігін тигізген атақты педагог Валентин Дмитриевич Панкратовтың сыныбында оқиды. Консерваторияда оқып жүрген кезінде белсенді студент болып, 1959 жылы оқуды үздік аяқтайды. Консерваторияны бітіргеннен кейін Н. Сац атындағы ТЮЗ оркестрінде, Қазақ мемлекеттік филармониясының бірінші ішекті аспаптар квартетінде, Қазақ КСР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің концертмейстері ретінде, Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыкалық мектепте педагог ретінде қызмет етеді. Мектептің алғашқы директоры Түркістан Мақсұлұлы Өзбеков жаңадан ашылған арнайы мектепке ең үздік деген мұғалімдерді шақыра бастайды. Солардың қатарында ең біріншілердің бірі болып Сапиолла Молдағалиұлы Жакеевті жұмысқа шақырады.Балаларға арналған концерттер ұйымдастырылды, оқушылар симфониялық оркестрлердің концерттеріне, опера театрларына барды. Виолончель, контрабас және арфа бөлімін осы кезеңде Сапиолла Молдағалиұлы Жакеев басқарды және бірнеше жылдан кейін бұл бөлім тек мектептің концерттерінде ғана емес, республикадағы көптеген мерекелік концерттерде де өнер көрсете бастады. Жұбанов мектебінің виолончелистер ансамблінсіз бірде-бір үкіметтік концерт немесе шетелдік делегацияның кездесуі өтпейтін болған.