1964 жылы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыка мектепинтернаты құрылған сәттен виолончель және контрабас бөлімі жас музыканттарға есігін айқара ашты. Аты аңызға айналған ұжымның басықасында бөлім меңгерушісі С.М.Жакеев, А.А.Винтерголлер, Ю.В.Гусев, Е.Н.Луценко, Л.Ш.Хазиахметова, Н.Я.Давыдов, К.Қ.Нарбековтер болды. 1968 жылы арфа сыныбы тұңғыш рет білім бағдарламасына қосылып, симфониялық оркестр артисі М.Н.Иванова оқытушылық қызметке шақырылды. Е.Мыңтаев, М.Керімбаев, Л.Абдуллина тәрізді түлектер өнер сүйер қауымның көзайымына айналып, есімі елге танылды. А.Құлжанова, Р.Құлмаметов, С.Дайыров, М.Бүйенбаев, Г.Буенбаева, А.Әміреева Н.Бекназаровтар ұлағатты ұстаздары салып кеткен сара жолға түсті. Білікті мамандар бойындағы кәсіби білім мен жоғары мәдениет және ерекше ұйымдастырушылық қабілет шәкірттеріне де дарып, бүгінгі таңда бөлім түлектері бірқатар өнер ұжымдарын басқарып жүр.