Музыкалық мектептердегі ең сүйікті әрі танымал пәндердің бірі «Міндетті фортепиано» болып табылады. Білім бағдарламасы бойынша, жас таланттарға оқу бітіргенге дейін фортепиано сабағын қатар алып жүру жүктелген. Өйткені толыққанды кәсіби музыкант атану үшін пернелі аспапты меңгеру басты талаптардың бірі саналады.
Оқыту нәтижесінде мектептің әр оқушысы фортепианода ойнау шеберлігін қалыптастырып, әртүрлі стиль мен жанрдағы бағдарламалық шығармалар кіретін айтарлықтай күрделі репертуарларды жаттап, игереді.
А.Жұбанов мектебіндегі міндетті фортепиано бөлімінің тарихы, дәлірек айтқанда бастауы Халима Саминқызы Саминованың атымен тікелей байланысты. Бір жылдан кейін Инесса Исаакқызы Раппопорт жетекшілікке келді. Жаңа меңгеруші Г.А.Алланазарова, Л.Б.Бурцева, С.З.Байсейітова, Г.И.Мансурова, Е.К.Иоаниди, Е.М.Лебель, Л.А.Воронова, И.Ж.Әбикенова, М.Н.Иванова сынды мамандармен тізе қоса отырып, нақты оқу жүйесін бірқалыпқа түсірді. Әдістемелік және тәжірибелік жұмыс жоспарын ұйымдастырып, жолға қойды. Бірінші түлектер ұстаздық ізденістердің жоғары көрсеткішін айқындап, өз жемісін берді. Жұмыс тәртібі Мәскеу қаласындағы Орталық музыкалық мектептің бағдарламасы негізінде қолға алынды.
Бөлімнің куратор-жетекшілері Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының жалпы фортепиано кафедрасының оқытушылары Х.С. Саминова, Г.Д.Нейкова, И.С.Станишевскаялар болды. Олар сабақтарға қытысып, лекция оқып, тәрбие сағаттарын жүргізді. Өз кезегінде бұл қадамдардың барлығы жас мамандарға зор пайдасын тигізе алды.
Сәтті басталған нәтижелі істі кейінірек Құрманғазы атындағы консерваторияның алдыңғы қатарлы педагогтары К.А.Господарь, Т.Л.Пылаева, Д.Д.Айдарханова, С.М.Молдашева жалғастырды. Одан кейінгі жылдары ұстаздар құрамы үнемі жаңарып отырды. Жоғарғы оқу орнын бітірген талантты жас түлектер еңбекке араласты. Олардың арасында Л.Н.Щербакова, Т.М.Ерназарова, Ш.Р.Душанова, Ж.О.Омарова, М.И.Дінішева, Б.Т.Төлегенова, Е.В.Шаповалова, Б.М.Тоқпанова, А.Б.Шорабаева, С.Ж.Мащанова, Л.В.Орымбаева, Э.Қ. Жолымбетовтер бар. Арнайы фортепиано бөлімінің ұстаздары Л.Л.Минкина, Е.С.Бабыкова, О.В.Коломийцева екі жұмысты қатар өрбітті. Г.К.Сапарова, Г.А.Ойнарбаева, Г.Т.Қожахметова, Б.Ә. Жүнісов және мектептің бұрынғы түлектері С.А.Мұхатжанова, Д.М.Самалдықова, С.Қ.Әбдірахманова, С.А.Абайділданова жас ұстаздар қатарын толықтырды.
Мектеп ашылғалы барлық оқытушылар, оның ішінде міндетті фортепиано бөлімінің қызметкерлері Қазақстан көлемі бойынша дарынды балаларды іздеп, табуға атсалысады. Осы мақсатта жас таланттардың тамырын тап басатын көшпелі комиссия құрылған. Қазіргі уақытта бөлім мамандары қабылдау емтихандарының тұрақты кеңесшісі. Сынақтан сүрінбей өткен ұл-қыздар білім мекемесінде орыс және Еуропа композиторларының шығармаларымен, сондай-ақ халық мұраларымен түбегейлі танысып, концерттік орындаушылық қырын дамытады. Бірінші оқу жылында «Алғашқы қадам» шарасы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Тақырыптық концерттер ұйымдастырылып, түлектер өнер көрсетеді. Бөлім оқушыларының есептік кештеріне көпшіліктің назарын аудартуға тырысады. 2012 жылдан бері, әр жыл сайын 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті күніне орай тек жас мұғалімдердің оқушылары қатысып, жарысқа түсетін мектепішілік байқау дәстүрлі түрде жүзеге аса бастады.
Жыл соңында мемлекеттік сынақтарға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушылары төраға ретінде шақырылады. Қазіргі уақытта консерваторияның міндетті фортепиано кафедрасының оқытушылары доцент А.И.Мұстафаева, доцент Д.Т.Дәукеева, аға оқытушы А.Н.Нұрпейісова және басқалар бөлім кураторлары болып табылады.
Соңғы жылдары мектепке қайта жан бітіп, тамырына қайта қан жүгіргенін айта кетуіміз керек. Шығармашылық өсу қарқыны күрт белең алды. Міндетті фортепиано сыныбында тәлім алушылар республикалық және халықаралық байқаулардан І орын алып, сахнаға шығуға құлшынысы артты. Байқау алды іріктеулерде барлық сұрақтар ойласа келе, ортақ шешіледі. Ақыл-кеңес беру мәселесінде арнайы фортепиано бөлімінің мамандары Г.А.Мелькова, Ш.Р.Душанова, Г.С.Жәкеева қол ұшын тигізіп тұрады.
Методикалық жұмыс – бөлімнің маңызды және аса жауапты бағыттарының бірі. Бөлім меңгерушісі И.И. Раппопорт 20 жыл бойы ұжымдағы шығармашылық ахуалды уысында ұстап, іргетасын бекітті. Оның жарқын істерін келесі бөлім меңгерушілері Б.М.Тоқпанова, Б.Т.Төлегенова, Е.В.Шаповалова, Г.А.Ойнарбаева, Г.С.Зарипова, Б.Ә.Жүнісов іліп әкетіп, оқу үдерісінің жетіліп, кемелденуіне күш салды.
Білікті ұстаздардың көмегімен әр сыныпқа, әр жылға арналған конкурстық бағдарламалар бекітіледі. Ашық сабақтар жүргізіліп, методикалық жаңалықтар жарияланады. Хор дирижерлау және теория бөлімі үшін арнайы бағдарлама әзірленген.
2004 жылы оқытушылардың дайындауымен «Фортепианоға арналған пьесалар» атты өтілетін сабақ кестесі мен оқу жоспары енген фортепианолық пъесалар жинағы жарық көрді. Әдістемені құрастырған – Э. Бабыкова, Г.Ойнарбаева. 2005 жылы мектеп түлегі Ә.Толықбаевтың фортепианоға арналған шығармалар оқулығы ұстаз С.Ж.Мащанованың редакциялауымен балалар игілігіне ұсынылды.
2008 жылы «Қазақстан композиторларының фортепианолық шығармалары» Г.А.Ойнарбаева мен Г.С.Зарипованың өңдеуімен баспа бетін көрді. 2010 жылы «Қазақстан композиторларының фортепианолық шығармалары» Э.С. Бабыкова мен Г.С.Зарипованың белсенді ізденісімен толықтырылды. Бұл құнды қазыналар мектеп аясында ғана емес, республика көлеміндегі барлық музыкалық оқу орындарында кәдеге асқанын атап көрсету ләзім. Білім ошағында сапалы білім алып, фортепианода ойнау өнеріне қажетті қор жинаған түлектер өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де елдің атын шығарып жүр. Мұның барлығы айналып келгенде, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара білген ұжымның табан ақы, маңдай терінің жемісі.
Бүгінгі таңда С.Қ.Әбдірахманова жетекшілік жасайтын бөлімде Е.В.Шаповалова, Д.М.Самалдықова, Б.Ә.Жүнісов, Г.А.Ойнарбаева, Г.Т.Қожахметова, Г.С.Зарипова, С.Ғ.Төремұратова, М.Н.Меңдіғалиева, С.А.Абайділданова, Л.М.Бердинова сынды білікті мамандар дәріс береді. Сондай-ақ жас мұғалімдер Д.А.Орынбекова, Е.Б.Кәрібаев, А.У.Мұқашева, А.Н.Әкрамханова, К.Б. Егимбаева, Ж.К.Ботабаева, А.Казбекова, А.Б.Курманбаева, К.Б.Маликайдар ізденіс үстінде.
И.И.Раппопорт, Г.А.Алланазарова, Б.Т.Төлегенова, Е.В.Шаповалова, Ж.О.Омарова, Б.Ә.Жүнісов, Г.А.Ойнарбаева бастаған оқытушылардың басым бөлігі Білім және ғылым министрлігінің, кәсіподақ ұйымының, мектеп әкімшілігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Мектеп әкімшілігінің «Алғыс хаттарымен», ҚР «Білім және ғылым министрінің» «Құрмет грамотасымен» (Туремуратова С.Г., Самалдыкова Д.М., Ойнарбаева Г.А., Жунисов Б.А.), ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» (төсбелгісі) Зарипова Г.С. марапатталған.
Қорыта айтқанда, міндетті фортепиано бөлімі – Қазақстан мемлекетінің жоғары санатты музыканттарын дайындау мақсатында жұдырықтай жұмылып, бір мақсат, бір мүддені көздеген, ойы – ортақ, тірлігі – тату, ұйымшыл ұжым.