А.Жұбанов мектебіне – 60 жыл!
Ахмет Жұбанов еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүріп, қарапайым қазақ отбасыларында өсіп келе жатқан өнерге құштар ұрпақты көп кездестірді. Дәл сол сәттері талабы таудай ауыл балаларын кәсіби тұрғыда оқытатын музыкалық мектеп ашу туралы алғашқы ойға келді. Дала дарындары арқылы қазақ өнерін әлемге танытуды іштей көксеген еді. Елдегі жас таланттардың музыкалық әлеуетін дұрыс пайдалану қажеттігі туындады. Табандылығының нәтижесінде Алматы қаласында Республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернатын ашу туралы Министрлер кеңесінің 18.07.1964 жылғы №495 бұйрығының шығуына мұрындық болды.
А.Жұбанов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректорлық қызметінде жүрген кезінде де кадр тапшылығы сезіліп, халық өнерін жаңаша дамытатын жас буын тәрбиелеу қажеттігін жақсы түсінді. Ақыры алпысыншы жылдардың басында көптен күткен дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернатының алғашқы қазығы қағылды.
Ахмет Жұбанов асқақ арманмен, нық сеніммен, қаланың қақ ортасынан жер таңдап, бұғанасы бекіген аумақ балалардың бұлағына айналсын деп мектеп ашты. Тіпті әрбір кірпішінің қалануына сеп болып, күндіз-түні құрылыстың басы-қасында жүрді.
Сол уақыттағы мектеп басшысы мен мұғалімдер иығына үлкен жүк түсті. Оқу, тәрбие ісімен қатар, аз уақыттың ішінде шалғай өңірлерден келген кішкентай ұл-қыздарды бұрын-соңды көрмек түгілі, атын естімеген аспаптарда ойнап-үйрету, шығармашылық қабілетін ашып,қызығушылығы мен сүйіспеншілігін ояту міндеті жүктелді.
1964 жылы маусым айында директорлық қызметке тағайындалған Түркістан Мақсұтұлы Өзбеков талантты ұйымдастырушы ретінде А.Жұбанов құрған жоспарларды асқан жауапкершілікпен жүзеге асыруға кірісті. Басшылыққа бекітілген бірінші күннен оқу-тәрбие жұмысын жолға қоюға толық өкілеттілік алды. Кәсіби музыканттармен бірге жалпы білім беретін білікті мамандарды оқу жүйесіне тартты. Арнайы топ республиканың қуыс-қуысын аралап, талантты балаларды іздеуге аттанды. Келелі кеңестер мен бірлескен жиындардың күн тәртібінде материалдық-техникалық базаны күшейту, музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алу мәселесі жиі қаралды. Еткен еңбек, көрген бейнет далаға кеткен жоқ, көп ұзамай өз жемісін бере бастады. 1968 жылы Т.М.Өзбековтың бастамасымен білім ошағына А.Жұбанов есімі берілді.
Міне содан бері академиктің асқақ арманы, жаққан ошағы, жарық сыйлаған жылы ұясы – талай талантты түлектерді түлетіп, қанат бітіруде!
