Қазақстан өнеріндегі фортепиано тарихы өткен жүзжылдықтың 40 жылдарынан басталады. 1944 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ашылуына байланысты педагогикалық кадрларды дайындау қажеттігі туды. Консерватория директоры А.Жұбановтың шақыруын К.Н.Игумнов, А.Б.Гольденвейзер, Г.Г.Нейгауз, А.Н.Есипова сынды орыс және Кеңес дәуіріндегі пианистер мектебінің шәкірттері қабыл алды. Соғыстан кейінгі жылдары елімізге алғаш ат басын тіреген Г.Н.Петров, Е.Ф.Гировский, Л.Л.Кельберг, К.А.Господарь, Р.С.Кацман, И.С.Станишевская, А.В.Бирмак сынды музыканттар еді. Олар республикадағы пианистер мектебінің негізін салды.
1950 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясына бұрынғы Кеңестер одағының құрамына кіретін республикалар мен қалалардағы жоғарғы музыкалық оқу орындарын бітірген жас педагогтар жолдамамен келді. Э.А.Росман, А.Л.Барак және басқа азаматтар қазақстандық фортепианолық педагогиканың қалыптасуы мен дамуына атсалысып, жаңа серпін берді. Алғашқы түлектер 1964 жылы ашылып, кейіннен Ахмет Жұбановтың есімі берілген республикалық музыкалық мектепке ұстаздық қызметке кірісті.
Арнайы фортепиано бөлімінің аяғынан нық тұруына бөлім меңгерушісі Г.П.Зуева, консерватория ұстаздары В.Г.Карпов, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлегі В.И.Тебенихин, Е.Г.Кәрімбаева, И.Ж.Әбікенова, Л.Л.Минкина белсенді үлес қосты.
1970 жылы бала санының көбеюіне байланысты Л.И.Лапан, Г.И.Мұратова, Г.А.Мелькова, Л.Н.Щербакова, Э.Г.Есырева, Т.И.Манжосова, А.И.Тайшыбекова, О.В.Коломийцева, Р.М.Юсупова тәрізді Құрманғазы атындағы консерваторияның түлектері мен жас мамандары көптеп тартыла бастады. Кейіннен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы арнайы фортепиано кафедрасының профессоры Г.Ы.Қадырбекова, доцент С.А.Массовер, доцент А.Қ.Мұхитова, профессор А.Ж.Досаева және А.Г.Гринфельд сияқты музыканттар ауыл балаларын оқытуға белсене кірісті.
Мінез-құлықтарының, мұғалімдік қадір-қасиеттерінің, табиғи таланттарының сан-алуандығына қарамастан, барлығын кәсіби тұрғыда өсу, педагогикалық шеберліктің құпиясына үңілу ұмтылыстары бір ортаға біріктірді.
Оқыту жүйесінің басты мақсаты – орыс және еуропа пианистері мектебіндегі озық дәстүрлерге ұлттық шырай қоса отырып, сауатты музыкант, сапалы маман дайындау болды. Қазақстан композиторларының да фортепиано үйренудегі әдебиеттеріне көңіл аудару басты назарға алынды.
А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты ашылғалы бері арнайы фортепиано бөлімі ұланғайыр педагогикалық тәжірибе жинақтады. Өз қолтаңбаларын айшықтады. Оқытушылар үнемі шәкірттерінің жүрегіндегі музыкаға деген махаббат пен қызығушылық отын үрлеп отырады. Әрбір музыкалық шығарма мазмұнының терең ашылуына, автор мәтініне ұқыптылықпен қарауға, туындының егжей-тегжейіне мұқият, шыдамдылықпен үңілуге бейімдейді.
Бөлім мектеп қабырғасында жыл сайын педагогтардың кәсіби өсуіне жағдай туғызатын шеберлік сыныптар, семинар кеңестер ұйымдастыратын ерекше үрдіс қалыптастырды. Сондайақ Мәскеу, Петербор, Тбилиси, Баку, Рига, Львов және басқа қалалардағы музыкалық мектепте жиі машықтанып қайтуды әдетке айналдырған. Әлемдік сахнада салтанат құрып жүрген В.Крайнев, М.Воскресенский, Е.Малинин, А.Гаврилов, С.Иголинский, Ж.Әубәкірова, Н.Трулль, А.Диев, А.Севидов, Т.Попович, М.Либензон, Д.Копылов сынды майталмандардың ақыл-өсиеті, ой-пікірлері өз көмегін тигізіп келеді.
Қазіргі уақытта фортепиано бөлімінің ұжымы білікті мамандармен қоса, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастармен толыққан.
Бөлім меңгерушісі Г.Қ.Қазыбекова, Қазақстанның халық артисі, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры Г.Ы.Қадырбекова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның доценті, өнертану ғылымының кандидаты А.Қ.Мұхитова, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның доценті Б.Б.Айғалқаева, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның аға оқытушысы Г.Т.Кұрамбаева, Білім беру ісінің үздігі, Мәдениет қайраткері Г.А.Мелькова, Білім беру ісінің үздігі А.Ы.Тайшыбекова, фортепиано бөлімінің 2012–2014 жылғы меңгерушісі Ш.Р.Душанова, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Г.С.Жәкеева, концертмейстерлік шеберлік секциясының меңгерушісі Ф.З.Амантурлинаның әрбір басқан қадамы кейінгілерге үлгі-өнеге.
Э.С.Валиева, Г.Б.Мұхамеджанова, Ж.Т.Нарова, Ә.Т.Исенова, Р.Қ.Қадырханова, Г.С.Бейсембаева, Г.А.Сейтімбекова, А.А.Омарова да шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздар.
Осыған дейін жұмыс істеген, әлі де кәсібін жалғастырып жатқан педагогпианистердің еңбегі текке кеткен жоқ. Олардың маңдай тері халықаралық және республикалық байқауларда өнер көрсетіп, лауреат атанған шәкірттерінің концерттік орындауларында жарқырай көзге түсті. Мысалы, А.Айғазиева – ұстазы Э.Г.Есырева; Б.Айғалқаева, Д.Қалқабекова – ұстазы А.Ы.Тайшыбекова; А.Төретаева – ұстазы С.А.Массовер; А.Рахымова, Д.Есімханов, А.Жайым, Р.Дүйсембаева, А.Қарсақбаева – ұстазы Г.А.Мелькова; Ә.Исенова – ұстазы профессор Г.Ы.Қадырбекова; А.Қондыбаева – ұстазы Ш.Р.Душанова; Г.Алтаева, А.Тоқтаған – ұстазы Г.И.Мұратова, Е.Еламан – ұстазы Г.Қ.Қазыбекова, сондай-ақ басқа да олжалы оқушылар көктеп шығуда.
Соңғы жылдары білікті мамандар Г.Қ.Қазыбекова, Г.Н.Мелькова сыныбындағы Ракымов Бекзат, Омаргазин Нұрсултан аттары озып тұр. Халықаралық классикалық музыка фестивалі мен «Astana Piano Passion» халықаралық жас пианистер байқауының І және ІІ орынын жеңіп алды.
А.Жұбанов мектебі жергілікті қала балаларын да, ауыл жеткіншектерін де бөле-жармай, орындаушылық өнері академиялық деңгейге жету үшін А.Жұбанов атындағы Халықаралық байқаудың арнайы фортепиано аталымы бойыншна қазылар алқасы: Г.Ы.Қадырбекова, Д.Э.Копылов, Т.А.Әбілхайырова, Ш.Р.Душанова, 2012 жыл қолдан келген барлық мүмкіндікті жасайды.
Мектептегі арнайы фортепиано бөлімінің ұстаздарының рөлі қиын да қызықты, мол жауапкершілік жүктейді. Білім аясы кең әрі өресі биік болуы тиіс. Қол астындағы ұл-қыздардың болашағына бағдаршам болатын нағыз кәсіби білімнің жолын нұсқап, талабын ұштауға міндетті.
Оқу жүйесінің әр сатысы өзіндік ерекшеліктерге құрылған. Оқушының жеке басын, қарым-қабілетін таныпбілуге бағытталады. Күні ертең одан ерекше көзқарасқа ие шығармашылық тұлғаның өсіп шығатынына сендіре отырып, мүмкіндіктерін ашу.
Педагог-пианистердің өмірлік ұстанымы – шәкіртінің деңгейі қай шамада екеніне қарамастан, құпия қырларын іздеуден шаршамау. Ал тәлімгер міндеті – баланың шығармашылық қиялын, ойлау жүйесін ынталандырып, байыту. Елгезектік, қағілездік қабілетін тәрбиелеу. Музыканы тыңдауға, сезінуге, ділдік сипаттары мен стильдік өзгешеліктерін, танымдық бағытын ажыратуға үйрету.
Шебер мен шәкірт арасындағы шығармашылық одаққа міндеттелген жағдайлар – ең алдымен кішіпейілділік, оқушының жеке басының ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, бөлек тәсіл қолдану. Кәсіби мүмкіншілігін, жас мөлшерін ескеруді естен шығармау.
Музыкант-орындаушыны шыңдаудың тағы бір төте жолы – сахналық тәжірибесін толықтыру. Жамбыл атындағы филармонияның Мемлекеттік симфониялық оркестрі мен «Қазақстан камератасы» Мемлекеттік камералық оркестрімен қосылған есеп беру кештерінде өнер көрсету шығармашылық өсу жолындағы таптырмас көмек.
Дәріс алушылар бірінші сыныптан мектеп сахнасына шыға бастайды, одан кейін қала, республика көлемінде қанат жаяды. Халықаралық, республикалық дәрежедегі байқауларда бақ сынайды.
Қолына диплом алған түлектердің уақыт өте келе қосымша мамандық алғандары да бар. Композиторлар Х.Сетеков, Ә.Бестібаев, А.Райымқұлова, А.Жайым, музыкатанушы, өнертану ғылымының кандидаты Л.Көпбаева, «Хабар» агенттігінің журналисі Д.Нұржігіт өз сүрлеуін тапты.
Педагогика саласын жалғастырғандар да аз емес – педагогика ғылымдарының докторы Б.М.Бекмұхамедов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория доценті Б.Б.Айғалқаева, А.Мұстафаева, Ш.Оңғарова, Г.Қ.Қазыбекова, Ф.З.Амантурлина, С.Әбдірахманова, Г.А.Сейтімбекова, Д.Самалдықова, Г.Бейсембаева және басқалар тыңнан түрен салып, өз ісіне адалдық танытып жүр.
Мектеп өзінің Ресей, Еуропа, АҚШ жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып, Қазақстанның, А.Жұбанов атындағы мектеп-интернаттың атын шығарып жүрген таланттарын мақтан тұтады. М.Жүнісова, Х.Оңалбаева, Д.Есімханов, А.Тоқтаған, Р.Дүйсембаева, А.Баширова, Е.Ернұр, С.Өтегенова, С.Зулпыхаров, С.Көпбаевтардың әрбір жетістігіне тілектес.
А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 55 жылдық мерейтойына арнайы фортепиано бөлімі жоспарлы дайындықпен келіп отыр. Олар педагогикалық-шығармашылық мақсат-тілектерін жүзеге асыру үшін бірлігі мен тірлігі жарасқан, ынтаықыласы бір мүддеге жұмылған, өз мамандығына шексіз берілген, қуаты тасқындаған ұйымшыл ұжымды паш етеді.
Бөлім құрылғалы екі жүзден астам пианист-музыканттар түлеп ұшты. Олардың барлығы Қазақстанның әртүрлі аймақтары мен шет мемлекеттерде еңбек етіп жүр.
Сондықтан арнайы фортепиано бөлімі ұлттық кадрларды дайындай отырып, көреген академик Ахмет Жұбановтың бір кездегі асыл мұраты жүзеге асты, арманы орындалды деп мақтанышпен айтуына болады!