Скрипка және альт бөлімі

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының скрипка және альт бөлімі – беделді байқауларда Қазақстан лауреаттарының қатарын толықтырған жүздеген кәсіби музыканттарды тәрбиелеп шығарды. Білім алушылардың басым бөлігі кейін белгілі орындаушыларға айналды. Шығармашылық ізденісін ұстаздық қызметпен ұштастырып жүргендері де бар. Олар бөлімнің негізін қалаған П.Л.Нисман, И.Б.Коган, Ф.Д. Мавриди, В.Т. Ногай, В.С.Дьяков, Ю.П.Галушкин, В.М.Анашкин, Л.Н.Дудник, Д.А.Смоленцева сынды оқытушылардың жолын жалғастырды.

Скрипка және альт бөлімі құрылған күннен бастап, оқушылардың орындаушылық, артистік қырын дамытуға күш салды. Әр баламен жекелей жұмыс істелініп, ансамбльде ойнау машығын қалыптастырды. В.Т.Ногай, В.С.Дьяков сынды бөлім оқытушылары скрипкашылар ансамблін құрып, репертуар таңдауда қырағылық танытты. Орындаушылық деңгейі өскен жас музыканттар мектеп сахнасында ғана өнер көрсетіп қоймай, концерттік алаңдарға шыға бастады. Жетекшілердің табанды еңбегі, талантты балалардың белсенділігі, ауызбіршілік пен өзара түсіністік балалар ұжымын бірте-бірте танымалдылық деңгейіне көтерді.

1970 жылдары бөлімге белгілі музыкант, педагог И.Б.Коганның жетекшілікке келуі ансамбльдің беделін өсіре 71 түсті. Оқушылар саны артып, репертуарға күрделі туындылар енді. Үкіметтік концерттер үлкен жауапкершілік жүктейтіндіктен, дайындық күшейтілді. 1972 жылы скрипкашылар ансамблі Қазақстанның Өзбекстандағы мәдени күндері аясында Ташкент қаласында өнер көрсетті. 1977 жылы Мәскеуде Октябрь революциясының 60 жылдығына орай Кремльдің съездер сарайында өткен ресми шараға қатысты.

1970 – 2000 жыл аралығында кәсіби деңгейі талапқа сай жасақталған оқытушылар қатары З.Ә.Сәдуақасова, А.П.Игнатенко, А.А.Ақбаров, И.А.Данченко, Д.М.Чуренова, А.Ж.Кұрманаев, А.Б.Байсақалов, М.Ш.Фрадкин, И.Х.Фрадкина, С.С.Жүсіпова, Э.Ф.Глебова сынды білікті ұстаздармен толықты.

Ұстаз бен шәкірт 12 жылдық ізденісі нәтиже беру үшін талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткереді. Соған қарамастан ішекті аспаптар бөлімінің мұғалімдері өз міндеттерін адал орындап келеді. Мәдениет саласының үздігі Ш.А. Рахметшина, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория аға оқытушысы Р.Ф.Тәкежанова, Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері В.Г Багаутдинов, Мәдениет саласының үздігі З.Е.Камалиева, бөлім оқытушылары Е.Ғ.Мырзағалиев, Д.Ш.Асқарова, В.В. Бардашов, И.Л.Бардашова, А.Т.Исенова, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория аға оқытушысы Д.Е.Ахметова шәкірттерін орындаушылықтың биік үлгісін бағындыруға талпындырып, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелейді.

«Талантты балаларды тап басып тану үшін, музыкалық білім жүйесінің барлық бөлімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жұмыс жүйеленбей, дәстүр сабақтастығы сақталмай, тынымсыз ізденбей, бізге үлкен жетістіктерге жету және елімізді жоғары білімді кәсіби мамандармен қамтамасыз ету қиын соғады» – дейді Ғазиза Жұбанова өз естеліктерінде.

 Педагогикалық білім жүйесінде бұл мәселе бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Балалардың өз мамандығы және таңдаған аспабына деген сүйіспеншілігін ояту жолында пайдаға асып келеді. Мектептің, бөлім ұстаздарының мақсатты жоспарынсыз орындаушылық өнердің алға басуы екі талай.

Шеберлік негізін мектеп қабырғасында қалаған А.Дүйсенбаев, Д.Балағұмаров, Е.Сапарбаев, Д.Сәдуақасов, С.Жұмабекова, А.Қалмақбаев, Д.Лейни, М.Соколова, Д.Ахметова, Г.Тілеуғабылова, А.Исенова, А.Шаңбаева, Е.Қасымбеков, А.Өтешева, А.Жанғазина, Д.Жұмаш – халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаттары. Бүгінгі күні еліміздегі, шетелдегі өнер ұжымдарында еңбек етеді.

Педагогикалық қызметті өзіндік ізденіссіз елестету мүмкін емес. А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектепинтернаты скрипка және альт бөлімінің ұстаздарының 55 жыл ішінде жан-жақтағы әріптестерімен әдіс-тәсіл алмасу, танымал өнер шеберлерінің концерттеріне қатысу, мәдени білім кеңістігін кеңейту, аспаптық орындаушылардың кешегі және бүгінгі мектептерін зерделеу тұрғысында жинақтаған тәжірибесі мол. Педагог-мамандар көрген-білген, ойға түйген дүниелерімен шәкірттерімен қуана бөлісуге әрқашанда дайын.