11- сынып оқушылары Абайдың қара сөздерін оқып, талдау жасап, пікірлерін білдіріп, ой алмастырды. Абай – халқымыздың ұлы ойшысы. Абайдың «Қара сөздері» – терең философиялық және психологиялық ойларға толы, тіршілік түйткілдерін дәл болжай білген құнды мұра. Онда айтылған даналық ойларды жыл сайын оқысақ та, қайта-қайта оқысақ та зерікпейміз. Әр оқыған сайын көңілдегі көп сұраққа жауап алып, жаңа ой түйіндеп, басқаша тұжырым жасаймыз. Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтті, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ! [1-ші сөзі] Қара сөздің шығуы мен жазылуының тарихы міне осыдан бастау алған еді. Абай атамыздың қара сөздерін оқи отырып, Абайдың соншалықты тілге байлығын, білім-ғылымға шақырғанын, елінің болашағын ойлаған, жаны ашыған адамды танимыз. Қара сөздерінде өмірдің мәні және ғылымның маңыздылығы діннің тазалығы сияқты өзекті тақырыптарды алға койған. Оның қара сөздерінің басты тақырыбы – адам, жеке тұлға, ал басты мақсаты – адам тәрбиесі. Адам болғанда да, адамдар үшін еңбек ететін, жан – жақты жетілген адам. Адам дүниеге келгенде екі нәрседен: бірі – тән қалауы, бірі – жан қалауы. Ішсем, жесем дегеннің бәрі тән қалауы. Ал, білсем екен, көрсем екен дегеннің бәрі жан қалауы.