Мектеп директоры

Нұркен Нұрғалиұлы Әшіров 1985 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Пионер ауылында дүниеге келген.

1997 жылы Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы РҚМММИ-на қабылданып, ол жерді ұстаз Г.Ұлтарақова сыныбынан 2002 жылы үздік тәмәмдаған. Осы жылы Құрманғазы атындағы ҚҰК профессор А.Тоқтағанның сыныбына қабылданып, 2006 жылы үздік бітірген. 2012-2014 жылдары аталған оқу орнының магистратурасын «Опера-симфония дирижеры» мамандығы бойынша доцент Н.Жарасов сыныбынан аяқтаған.

Еңбек жолын 2003 жылы Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» АФЭО әртісі қызметінен бастаған. 2004-2010 жылдары осы оркестрдің Бас концертмейстері және солисті қызметін атқарған. 2011 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисті қызметін атқарған.  Сонымен қатар, 2012-2018 жылдар аралығында А.Жұбанов атындағы РҚМММИ-ның Халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 2018-2019 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы ҚҰК Халық музыкасы факультетінің деканы қызметін атқарған.

2001 жылдан бері мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан барлық дерлік ресми шаралар мен концерттердің тұрақты қатысушысы. (Тәуелсіздігіміздің 10, 15, 20 жылдығына орай ұйымдастырлыған Гала-концерттер, Конституциямыздың 10 және 15 жылдығы, Астана күндері, ШЫҰ 10 жылдығы, ОБСЕ төрағалық етуге арналған салтанатты Гала-концерт (Вена, Астана), т.б. сияқты айтулы мерекелердің барлығында жеке домбырамен өнер көрсеткен.)

Нұркен Нұрғалиұлы Қазақстанның шетелдегі мәдениет күндері аясында, сондай-ақ  Президент сапарлары барысына орай ұйымдастырылған Гала-концерттерде Карнегги-Холл (Нью-Йорк), Кеннеди центр (Вашингтон), Концертхаус, Хофбург император сарайы (Вена), Конгресс-Холл,  Әлем мәдениеті үйі (Берлин), Сантори-Холл, Персимон-Холл (Токио), Опера-Хаус (Пекин) сияқты т.б. әлемнің көптеген атақты сахналарында жеке домбырамен қазақтың күй өнерін паш еткен дарабоз, саңлақ күйші. Ол АҚШ, Германия, Франция, Австрия, Швейцария, Словения, Жапония, Корея, Қытай,  Түркия, Әзірбайжан, БАӘ, Сауд-Арабиясы, Йордания, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия, Испания, Румыния, Болгария, Венгрия, т.б. елдерде табыспен өнер көрсетіп, көрерменнің зор қошеметіне ие болған.

Нұркен Нұрғалиұлы 2000 жылдан бері Астана, Алматы, Атырау, Тараз қалаларында бірнеше жеке шығармашылық концерттерін өткізген.

2014 жылы Вена қаласында жеке концертін өткізген. Сондай-ақ 2015 жылы Парижде, Венада және Словения астанасы Любляна қаласында өзі құрған «Талас» фольк-поп ансамблімен концерттерін өткізген.

2014 жылы Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде өткен конференцияда «Әлемнің материалдық емес мәдени мұралары» тізіміне қазақтың күй мұрасын енгізуге атсалысты.

Сонымен қатар Нұркен 30-ға жуық күйлердің, бірнеше аспаптық пьесалардың, күй-поэмалардың авторы. Оның оркестрге жазған «Кемел», «Жырқисса», «Балдырған», «Абылай», «Аңырақай шайқасы», «Шұғыла» т.б. туындылары тыңдарман қауымның зор қошеметіне бөленіп, мамандардың оң бағасына ие болуда.

Ол көптеген конкурстар мен фестивальдердің лауреаты. Негізгілері:

  • I Халықаралық «Айналайын» фестивалі. Лауреат. Алматы қ. 1996 ж.
  • І Халықаралық «Құрманғазы және Ұлы дала музыкасы» фестивалі лауреаты. 1998 ж.
  • А.Жұбанов атындағы конкурс. І орын лауреаты. Алматы қ. 1999 ж.
  • ХХІ Колледждер мен арнайы музыка мектептері арасындағы Республикалық конкурс. Гран-При. Лауреат. Алматы қ.2000 ж.
  • Тәттімбет ат. І Республикалық конкурс. ІІІ орын. Лауреат. Қарағанды қ. 2001 ж.
  • IV «Шабыт» Халықаралық фестивалі. ІІІ орын Лауреат. Астана қ. 2001 ж.
  • Қ. Жантілеуов ат. І Республикалық конкурсы. І орын. Лауреат. Орал қ. 2002 ж.
  • VІ «Шабыт» Халықаралық фестивалі. ІІ орын. Лауреат. Астана қ. 2003 ж.
  • Құрманғазы ат. VІ Халықаралық конкурсы. І орын. Лауреат. Астана қ. 2006 ж.
  • Н. Тілендиев ат. «Кел, еркем, Алатауыңа» ІІ Халықаралық конкурс-фестивалі. Гран-При. Лауреат. Тараз. 2009ж.

ҚР МСМ және БҒМ алғыс хаттары мен Астана (қазіргі Нұрсұлтан), Алматы, Атырау қалалары әкімдерінің, Нью-Йорк мэрі, Вена Мәдениет магистраты, Сауд-Арабиясы Мәдениет министрінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен Нұркен Нұрғалиұлы төмендегідей марапаттарға ие болды:

  • ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері (2010, 2011, 2012, 2013, 2014 ж.ж.);
  • Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты (2012)
  • Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2012 ж.) құрметті атағы, т.б.