“Мұғалім” қойылымы:
Ұстаз бен ата- ана арасындағы қарым-қатынас.
Бүгін 7 сынып оқушылары, сынып жетекшілері Г.Байқадиева, Г.Серікханова, мектеп психологы М.С. Ақсақалова, әлеуметтік педагог Медет Әбділданың қолдауымен Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қолғанат Мұраттың “Мұғалім” қойылымын тамашалап қайтты.
Қойылымда бүгінгі өзекті мәселе отбасы құндылықтары, оқушы-мұғалім, мұғалім-ата-ана, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас қозғалған.
Әсіресе, өз баласының ішкі жан дүниесін түсінуден қалған, әңгімелесіп, бір уақыт сыр тарқатпайтын, қит етсе бәрін ұстазға жаба салатын, елдің болашағы бүлдіршіндердің даралығы мен рухани өзегін жойып жіберетін детерминист, редукционист, нигилист ата- аналардың әрекеттері өте жақсы сомдалған.
Тағы бір өзекті мәселе мұғалім мен ата-аналардың өзара түсінбеушілігінің кесірінен баланың басы бәлеге қалып жататыны секілді мәселелер қозғалған.
Бәрін айт та, бірін айт: “Мұғалім” қойылымы ұл- қыздарымызға қатты ұнады.
Технология қарыштап дамыса да, ештеңеге қызықпайтын “мағынасыз” ғасырда өмірге келген бүлдіршіндеріміздің еш кінәсі жоқ.
Сол себепті де болашақта ел тізгінін ұстайтын ұл- қыздарымызға, тіршіліктің мәні мен маңызы еркіндік, жауапкершілік, ар-ұят, кешірім, уәдеге берік болу, мейірім мен махаббат сынды адамға ғана тән феномендердің мәнін ерінбей, жалықпай жылдар бойы түсіндіру, өзінің өмірлік мұратын өзі қашап шығатын деңгейге жеткізу ұлы есім арқалаған ұстаз бен ардақты ата-аналардың басты парызы деп ойлаймын.
Әлеуметтік педагог Медет Әбділда
«Адамға қалай өмір сүру керегін үйретпе, не үшін өмір сүру керегін түсіндір. Қалай өмір сүру керегін өзі-ақ үйреніп алады» — Фридрих Ницше.


