Орындалмаған «Арман» немесе «ЖЫР-ҚИССА»

Концерттің басталатын уақыты өтіп барады. Залда халық лық толы. Ауа да тарылып бара ма, қалай? Тіпті түрегеп тұру да мүмкін емес, ине шаншар орын жоқ. 
Концерт болса әлі басталар емес. 
Неге бастамай жатыр? 
Кімді күтудеміз? 
Білмеймін. Әйтеуір, күтудеміз. 
Әлі де күтудеміз. 
Кенет залдағы халық абыр-сабыр дүрлігіп кетті. Сығылысып тұрған халық ығысып, ортаны жарып, жол ашып жатты. Елдің ыстық ықыласы, шапалағы мен қошеметінің дуына құлақ тұнады. Барлығының назары бір жақта. Көзінде қара көзілдірік, қолында сүйкеме таяғы, аппақ пиджагындай маңдайы қоса жарқырап, құдды, түнерген қара бұлтты жарып шыққан күндей жарқырап, маңғаздана басып ол кіріп келе жатты. Сұсты жүзі мен қатал қабақтың ар жағынан мейірбан ризашылықтың жылы жымиысы көрінгенде, тіпті бөлек қой, шіркін! Апыр-ай, а! Жүрісі қандай?! Тұрысы қандай?! Болмысы қандай?! Бар мысы қандай?! Ол кісінің қасында шабармандай шашбауын көтеріп ығай мен сығайы, әкім-қаралары да бірге кірді. Ортаңғы қатарда сыйлы қонақтарға дайындап қойған құтты да қадірлі орындарына жайғаса бере, концерт те өз шымылдығын ашты. Осылайша дү­йім жұрт ұлы Нұрағаны – Нұрғиса Тілендиевті аяғынан тік тұрып, зор қошеметпен қарсы алған еді. Бұл қошемет тұлғаның өзіне, өнеріне деген үлкен құрмет пен сүйіспеншілік еді. Нұраға оған әбден лайық. «Мені халқым қалай жақсы көрсе, мен де халқымды олардан бетер жақсы көремін» дейтін қанатты сөзінің дәлелі осы болса керек. 
Бұл уақиға 1997 жылы П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің негізі қаланғанына 65 жыл толуына орай өткізіліп отырған мерейтойлық гала-концерттің басталар сәтінде болған еді. Осылайша, менің санамда, жүрегімде, жадымда Нұрағаң асқақ тұлғасымен, сахнадағы жарқын жүзімен, ерен тұлғасымен мәңгі сақталып қалды және еш ұмытылған емес. Өйткені мен Нұрағаның осы дүниедегі ең бір ессіз тыңдаушысы, ізбасушысы, фанаты едім. Бұл сезім осы күнге дейін бір толастаған емес. Нұрағаның ән-күйін әр тыңдаған сайын талантына, данышпандығына, ғұламалығына басымды иіп келемін. 

Феномен 

Қазақ аман болса, әлі талай тума таланттар дүниеге келер. Ол анық. Бірақ Нұрғисаны қайталай алатын, тіпті соған барабар шала ұқсаған біреу туа ма, жоқ па? Әй, қайдам…
Оның ән-романстарының ұзын санының өзі 400-ден асып-жығылады. Бұл аз ба, көп пе? Осы күнде қазақта мыңнан аса ән жазып тастаған небір «дарын» өріп жүр. Шіркін-ай! Неткен мықты халық едік. Бірақ ол композиторлардың Нұрғисаның «Өз елім», «Құстар әні», «Алатау», «Саржайлауым», «Куә бол» сынды ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгілік жасай беретін өлмес туындылары ілуде біреу шығар. Бәлкім, тіпті де жоқ. Ал әйгілі күйі «Әлқисса» ше? «Аққу» ше? «Арман», «Ата толғауы», «Атадан мұра», «Аңсау», «Көш керуен» күйлерінсіз қазақтың оркестр, ансамблі демсіз қалмақ. Ал «Махамбет» күй-поэмасын асқан шабытпен орындамайтын қай оркестр бар? Қай концерт Нұрғисаның ән-күйінсіз өтуде? Ешқандай! Мұның өзі Нұрғиса шығармаларының сан қырлылығы ғана емес, халықтық классикаға айналғанының айқын көрінісі емес пе?
Әсілі, адам баласы бір жетістікке жету жолында біреуге еліктеп те өседі, соған қарап бой да түзейді, мүмкіндігінше ұқсауға тырысып бағады. Ол еліктеген адамың қандай болса, сен де соған тарта бастайсың. 
Мен бала кезде кімге еліктеп, кімге ұқсағым келгенін білмеймін, әйтеуір, өстік. Дегенмен қиялға ерік беріп, көп армандайтынмын. Біресе ғарышкер болғым келеді, біресе милиционер болғым келеді, біресе композитор болғым келеді. 
Әкем Нұрғали мен дүниеге келген кезде «өскенде күйші болсын» деп бесігімнің басына домбырасын қойып қояды екен. Шын сенген болып тұр ғой. 
Бұл күнде, «Болмасаң да, ұқсап бақ…» дегендей, шатып-пұтып домбыра тартып, күй шығарып, композиторлық өнерге «қол салып», ара-тұра оркестрдің алдына шығып дирижерлікке де ұмтылып қоятынымыз бар. Домбыра ұстаған соң бірді-екілі жүрегіңнің түбінде кей сәт тулап шыға келетін әуенді домбыраға салып, ән-күйге айналдыратыным бар еді. Сондай күйлерімнің бірі – «Жыр-қисса». Нұрғиса Тілендиевтің рухына тағзым. Күйімді алғаш тыңдаған баз біреулер «мынауың неге қайғылы емес, қайтқан адамға арнауға ұқсамайды ғой» деп сөккені де бар. Жоқ, бұл күй қайғылы емес, бірақ зары бар, көңілсіз емес, бірақ мұңы бар, тілі жоқ, бірақ айтары бар күй. Мен неге зарлауым керек? Мен жырлауым керек! Мен Нұрағаның елдің есінде қалған асқақ тұлғасын, жарқын бейнесін жырлауым керек! Міне, менің басты мақсатым, күйімнің мазмұны. 
Сол санамда қалған тау тұлғасы ғана елестейтін, көңілімде қалып қойған ұлы адамның бейнесі көкейімнен әсем саз болып төгіліп, «Жыр-қисса» деген атпен елге тарады. Бұл күй – Нұрағаға қойған мәңгілік ескерткішім. 

Әлқисса

Иә, бұған дейін де, кейін де Нұрағаны бірнеше жерден, концерттерден кездейсоқ болса да көргенім бар еді. Соның бірі қайбір жылы Нұрғиса Тілендиев біздің Таразға (ол кезде Жамбыл қаласы) әйгілі «Отырар сазы» оркестрімен келді. Тараздың Орталық стадионында өткен концертке әке-шешем мені де ертіп барды. Концерт алдында стадионның кіретін қақпасын таппай әрі-бері біраз сенделіп, әупірімдеп үлгеріп кіргеніміз есімде. 
Оркестрін ұршықша иірген дирижер атам халыққа ауық-ауық бұрылып, еркелеп, көңілді өткізіп жатқан. Кенет халық шу ете қалды. Дәл сол сәт мен де балалықпен алақ-жұлақ етіп отырып байқамай қалсам керек. Шешемнің айтуынша, белгілі бір солисті әнін тамамдай бергенде Нұраға қақ маңдайдан жұдырықпен (бәлкім, алақанмен) түйіп қалған екен. Ол ағамыз тәлтіректеп барып, оркестр артистерінің алдына сүріне құлап, қайта тұрыпты. Мұндайды күтпеген халық әп-сәтте шу ете қалған. Бұл «сойқандық» біразға дейін ел аузында жыр болып жүреді. 
Бұл жағдайды қозғағандағы мақсат біреуді мұқатып, кекету емес, Нұрағаның «тентектігін» насихаттау да емес. Мен бұл әрекетінен тұжырым жасап, мән іздеуге тырыстым. Неге өйтеді? Болмысы солай ма? Неге «қисық»? Экстроординар. Себебін білуге тырыстым. Былайша айтқанда, жаман жерінің өзінен жақсы жерін көру, кемшілігінің өзінен артықшылығын табу еді. 
«Бақсам, бақа екен» дегендей, зерттеп, зерделеп қарасам, бұл мінездің артында үлкен тағдыр жатыр. Әкеден ерте қалған шынашақтай бала 16 жасқа тола бере Екінші Дүниежүзілік соғысқа аттанады. Ол жерде жараланғанына қарамай, соғыстан елге жеңіспен бір-ақ оралады. Жігіт ағасы болғанға дейінгі көрген, түйгендері түбі нәзік те сезімтал жүрек Нұрғисаның бо­йынан қатыгез болмаса да, қатал мінездің қалыптасуына себеп болды. Үйкелгенге иілмейтін темірдей қатты мінез құйылды. Соғыстан қайтқан соң қайраты тау төңкерер батырдың ішкі алай-дүлей сезімдері ендігі автомат дүмінен оқ болып атылмай, қаламның ұшынан нота болып төгіле бастады. 
Бұл ноталар – талайлы тағдырдың тәлкегінен терілген, төгілген, жылаған жанардан жас болып, жаралы жүректен жаралған, жастықтың жалынынан жарылған, сыр толы сезімнен себелеп, сарғайған сағыныштан сауылған. 
Міне, адам табиғатында кездесетін барлық сезімді басынан өткерген қым-қиғаш тағдыры музыкасына ғана емес, өмірлік ұстанымына, болмысына да әсер еткен. Нұрғиса – сан қырлы музыка, шекарасы жоқ шығармашылық, ол – асау да адуынды мінез, ол – қайталанбас болмыс. 
Кейбір музыкант белгілі бір шеңберден шықпай, айтқанға көніп, үйреткеннен асып кетпейтін біртоға да болып келеді. Дегенмен тумысынан бөлек, «жындылығы» бар ерекше адам болады. Шынында олар тұзаққа түспейтін, түссе де бой бермейтін асау жандар. Оларды қазақта «арқасы бар» адам дейді. Нұрғисаның да бірегейлігі осында болса керек, ол ешкімді қайталамады, музыкасы да, өнері де, болмысы да, басқасы да. 
Консерваторияда оқып жүргенімде Нұрғиса үштағаны магистрлік зерттеуімнің негізгі тақырыбы болды. Ол үштаған: күйшілік, композиторлық және дирижерлік қыры. Оның өмірбаяны, отбасы, өмір жолы туралы айтылып та, жазылып та келеді. Музыкасы туралы талай ғылыми мақалалар жазылып, зерттеулер жүргізілді. Алайда қай қырынан қанша жазса да, Нұрғиса шығармашылығы туралы жазылуын күтіп тұрған жұмыстар әлі де жетіп-артылады. 

Күйші Нұрғиса

Домбыраны қолға алып, бірінші қаққан сәттен-ақ ел құлағын өзіне бұрып, баурап алатын ерекше қабілет-қасиеті болатын. Бірінші дыбыс, бірінші қағыс – бүкіл күйдің тілін ұғындырудың кілті іспетті. Дыбыс шығару мен қағыс қағу – өзіндік мәдениет пен сырға толы өнер. Домбырасының әр пернесінен сырлы саз төгіліп, тыңдарманның жүрегін жаулайтын. 
Нұрғиса ұстазы Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен күй өнерінің қыр-сырын меңгеріп, қазақ музыкасының жауһарларымен сусындады. Ахаңның қолына түскеннен бастап қазақтың небір дүлейі­мен, дәулес­кер күйшілерімен, дауылпаз ақын-жырауларымен, күміс көмей әншілерімен етене жақын араласты. Ерте бастан Құрманғазы оркестрінің құрамына еніп, тіпті дирижерлік пультіне шығады. Оркестрде жүріп Қали Жантілеуов, Махамбет және Науша Бөкейхановтар, Лұқпан Мұхитов сияқты қазақтың әйгілі күйшілерінің алдын көреді, дәріс алады. Жыр алыбы Жамбылдың шапанына шалынып, күй анасы Динаның жаулығына оратылды. Міне, осылай небір қаймақтардың батасын алған Нұрғиса Құрманғазының найзағайдай жарқылдаған қуатты қағысы, Тәттімбеттің сырлы шертпесін бойына сіңіре отырып, өзіне ғана тән, ешкімге ұқсамайтын орындаушылық мәнерін қалыптастырды. 
Қазіргі күнде консерватория, тіпті колледж, мектепте оқып жатқан домбыра тартудың асқан техникасын меңгерген небір виртуоздар баршылық. Алайда олардың тартқан күйінде нәр де жоқ, сөл де сезілмейді. Нағыз күйші ғана домбыраға жан бітіріп, оны сөйлете алады. Ал зырылдатып сабалап қуалай тартқанның бәрі күйші емес! Қазақта «Абалағанның бәрі әнші емес, сабалағанның бәрі күйші емес» деген мақал осындайда айтылса керек. 
Нағыз күйші үшін домбыра – жүректің үні, жанның тілі. Ал жай ғана домбыраны сабалау күйші болуға жеткізбейді. Нұрғиса тартқан әр күй тыңдаушысының жүрегіне жететін. Ол домбыра үнін сахнада ғана емес, кинофильмдерде де сәтті әрі орынды пайдаланып, әр іс-әрекеттің, әр қимылдың мәнін ашып, әр эпизодтың әрін келтірген. Нұрғисаның фильмде домбыраны қолдану әдісі бұл күнде музыкатану ғылымында терең зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып деуге болады. 
«Ақсақ құлан», «Аққу», «Жекпе-жек», «Арман» тағы басқа күйлерін фильмдерде орнымен пайдалана білгені былай тұрсын, оны өзінің орындауында өзіне ғана тән ерекше орындаушылықпен фильм іс-қимылдарын дәл суреттей білген. Бұл жерде орындаушылық қырымен қатар, композиторлық қыры да ерекше маңызды рөл ойнаған. Әңгіме ауанын композиторлық қырына аударсақ. 

Композитор Нұрғиса

Композитор деген не? Қайдан келген сөз? Композитор деп кімді атаймыз? Композитор туралы аз-кем:
Композитор – латын тілінен «compositor», яғни құрастырушы деген мағына береді. Дыбыстар жиынтығынан музыка жасаушы, құраушы. 
Меніңше:
Композитор – дыбыстан сурет салатын суретші.
Композитор – дыбыстан үй тұрғызатын архитектор. 
Композитор – дыбыстан ғажайып тудыратын сиқыршы. 
Композитор – дыбыс билеушісі. 
Композитор – құдірет.
Нұрғиса – нақ осы теңеулердің бәріне лайық тұлға!
Бұл күнде нота танымаса да, ыңылдап жүріп, «ән шығардым» деп, онысын басқа біреуге нотаға түсіртіп, артынан оркестрге немесе эстрадалық аранжировкасын жасатып, халыққа таратып, танымал болып жүрген пысық сазгерлер де өздерін дүлей композитор санайды. Халық та оларды композитор деп таниды. Оған еш ренжи алмайсың. Өкінішке қарай, біздің елде небір сағаттап айтылатын опера жаз, сағаттап билейтін балет жаз, сағаттап ойналатын симфония жаз, бірақ оныңды халық тыңдамаса, қабылдамаса, онда сонша қылған еңбегің бекер болған композиторсың. Композиторлық жұмыста кәсіби жоғары талғамың, терең музыкалық біліміңнен туған толағайдай туындыларың халықтың сүйіспеншілігіне, сұранысына алып келе беруі екіталай. Сол себепті қалың бұқара әлем мойындаған өз елінің майталман композиторларын мүлде танымай, тіпті білмей жатады. 
Міне, осы тұста «Өнердің төте жолы» деген ұғым бар. Тілендиев осы жолды дәл тауып, халық жүрегінің қан тамырын дөп басып таба білді. Ол жоғары талғамды еуропалық кәсіби музыкамен қатар, халық сұранысына ие қазақы ән-күйлерді де сәтімен, ретімен шығара білді. Қалам тербеген жанрлардың сан түрлілігі таңдай қақтырады: ән, романс, күй, күй-поэма, симфониялық поэма, опера, балет, марш, вальс т.б. Барлық шығармасы дерлік аса шеберлік пен жоғары кәсібилікпен, ең бас­тысы, табиғи дарынының осы қасиеттермен ұштасуынан туындаған. Ал ол қандай жанрда жазбасын, қай оркестр, ансамбльге, аспапқа музыка жазбасын, әуенінің мәйегі қазақи сарынын жоғалт­қан емес. Әндер, романстар, вальстер, марш­тар, поэмалар, симфониялық поэмалар, пьесалар – бәрі-бәрі қазақша сөйлейтін, барлығын қазақша сөйлететін. Ұлттық негізінен ешқашан ауытқыған емес. 
Мінез. Композитордың мінезі – әр композитордың, ақынның, суретшінің, жалпы шығармашыл адамның туындыларынан автордың қолтаңбасын айқындап жатады. Дәл Нұрғиса шығармаларынан оның мінезін дөп басып айту қиын. Өйткені Нұрғиса музыкасында жүрек қылын тербейтін нәзік лирикадан бастап жігеріңді жанитын, қайратыңды қайрайтын адуынды, эпикалық драмаға дейін бәрі көрініс табады. Кино музыкалары туралы ғылыми зерттеу­лер жасалып, үлкен монография жазылуы керек. Бұл – зерттеуді қажет ететін жеке тақырып. Нұрғиса музыкасын тану үшін әлі де талай ізденістер жасалатыны сөзсіз. 
Нұрғиса музыкасын жазған фильмдер қазақ кинематографиясының алтын қорынан берік орын алған. Тіпті сол фильмдер мен музыкасы Совет дәуірінде Одаққа кеңінен танымал болды. Ал Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі повесінің желісі бо­йынша Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмі Францияда өткен әйгілі Халықаралық Канн кинофестивалінің «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұл қазақ кинематографиясында бұрын да, кейін де еш фильм жетпеген биік тұғыр еді. Осы ұлы жетістіктің негізгі себепкерлерінің бірі, әрине, Нұрғиса Тілендиев. Абдолла Қарсақбаевтың мектепте бірге оқыған досына фильмнің музыкасын жазуға қолқа салуы бекер емес еді. Режиссер мен композитор тандемі осылайша триумфпен өз жемісін берді. Режиссер, актер, сценарий авторы, композитор – бір-бірімен үйлескен, Құдай айдап қосқан әдемі команда бола алды. Тілендиев пен Қарсақбаев бұдан кейін де бірнеше картинада бірге нәтижелі жұмыс істеді. Нұрғиса шығармашылығының бірегейлігі – ұлттық музыканың нәрін бойына сіңіріп, онысын Батыс Еуропа музыкасының элементтерімен үндестіріп, синтездеп, өз қолтаңбасын жасағанында. 

Дирижер Нұрғиса

Ал дирижерлік қыры – табиғи талант, үлкен ізденіс пен білімнің жемісі. Н.Тілендиев – П.И. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын профессор Н.П. Аносовтың сыныбынан «Опера-симфония­лық дирижерлеу» мамандығы бойынша тамамдаған кәсіби дирижер. Елге келген соң Абай атындағы Опера және балет теа­трының бас дирижері, кейін Құрманғазы оркестрінде бас дирижері ретінде қызмет етті. Кейін «Қазақфильм» киностудиясының музыкалық редакциясының бас редакторы да болды. Дәл осы кезеңде кинофильмдерге музыка жазу ісі едәуір нәтиже берді. 
Алдымен, дирижер деген кім? Қайдан енген сөз? Ол қандай қабілет, қасиеттерге ие болу керек? 
Дирижер – француз тілінде «diriger», яғни басқару, бағыттау, жетектеу мағынасын береді. Бұл қол сермеумен шектелетін тарпрофильді мамандық емес. Дирижер – музыкалық-теориялық терең білімді ғана емес, музыкалық аспапта, оның ішінде фортепианода еркін ойнай алатын шебер, естіген әуенді оркестрге оңай түсіре алатын аранжировщик, әр музыканттың мінезі мен іс-әрекетін болжай алатын психолог, әрі-беріден соң, мықты ұйымдастырушы болуы шарт. Дирижер – музыканың жүрек соғысын сезініп, әрбір әуенге жан бітіретін шебер. Ол оркестрмен қол арқылы емес, бүкіл болмысымен тілдеседі. Әрбір музыкантпен көзқарас, қимыл, тіпті үнсіздік арқылы байланыс орнатып, шығарманың жанын ашуға тиіс. Ал оркестр алдына шығып, тек қол сермеп тұру – дирижерлік емес. Нұрғисаның бойында композиторлық та, орындаушылық та, дирижерлік те, тіпті ұйымдастырушылық қабілет те жиналған еді. Нәтижесін тізбектеп айтпасақ та, күллі халық біледі деп ойлаймын. 
Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыкасының ұлттық бояуын сақтай отырып, дирижерлік өнердің биік шыңына жеткен тұлға. Оның дирижерлік мәнері ерекше еді. Оның әрбір қимылы әуеннің жүрек қағысы, жан толқынысы іспетті болатын. 
Әрине, Нұрғиса шығармашылығының, дирижерлік карьерасының ең шырқау шыңы – әйгілі «Отырар сазы» оркестрін құрып, соған бас дирижерлік ету кезеңімен сәйкес келеді. Ол осы оркестрді құру арқылы қазақтың ұлттық музыкасын әлемдік деңгейге көтерді. Нұраға ақтық демі қалғанша бар күш-қайратын осы оркестрге жұмсады. Бұл оркестр о баста этнограф-ғалым Болат Сарыбаевтың бастамасымен фольклорлық ансамбль ретінде құрылды. 1981 жылы Нұрғиса Тілендиев ансамбльге жетекшілікке келіп, құрамын үлкейтіп, оркестр деңгейіне жеткізді. Оркестрге арнап арнайы музыкалар жазды, көптеген шығарманы лайықтады. «Отырар сазы». Бұл күнде бұл атау Нұрғиса Тілендиев есімімен қатар аталады. 
Оркестрде сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шертер, нарқобыз, шаңқобыз, месқобыз, асатаяқ, тұяқтас, қоңырау, дабыл, даңғыра, белдік сияқты нағыз ұлттық бояу беретін музыкалық аспаптарды қосып, ұлттық бояуды айқындай түсті. Көне аспаптардың архаикалық ерекше үні сахнада оркестрмен бірге жарқ ете қалды. Естіген құлақ еріксіз тың дыбыстарға арбалып қалатын-ды. Н.Тілендиев фольклорлы аспап дыбыстарының әсемдігін кәсіби музыкаға бейімдеп, үйлестіріп үлкен туындылар жаза білді. Сазсырнай, шаңқобыз, сыбыз­ғы, месқобыз, қылқобыздар оркестрдің сүйемелімен жеке орындауда кеңінен насихатталып, халық ықыласына бөлене бастады. «Отырар сазы» оркестрі десе, қазақтың көне үні құлағыңа келетін деңгейге жеткізді. 
Тіпті Одақ астанасы Мәскеуде бірнеше мәрте үлкен гала-концерттерде өнер көрсетіп, тыңдарманын талай мәрте таң-тамаша қалдырды. Ол заманда қазіргідей интернет, әлеуметтік желінің жоқтығына қарамай, «Отырар сазы» оркестрінің аты бүкіл Совет Одағына Тілендиев атымен бірге дүркіреп шыға келді. Өнеріне тәнті болған КСРО Композиторлар одағының төрағасы Т.Хренников «Нұрғиса – музыка әлеміндегі құбылыс» деп аса жоғары бағасын беріп, артынша ең жоғары құрметті атақ – КСРО Халық артисі атағының алтын белгісін кеудесіне тақты. 
Әрине, Нұрғиса бұл атақсыз да халықтың алдында абырой, беделден, даңқтан еш кенде емес еді. Дегенмен ең жоғары мәртебелі бұл атақ – ұлт музыкасының дамуы жолында талай жыл төккен тердің өтемі ғана емес, тума таланттың өнеріне Мәскеудегі «мендердің» бас игенінің ресмиленуі еді. 
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін де республиканың ең жоғары мәртебелі атағы – Халық Қаһарманы атағының ауруханада хал үстінде жатқан Нұрағаның кеудесіне тағылуы – оның өнері мен еңбегіне берілген баға, жалпы, қазақ өнеріне көрсетілген зор құрмет деуге болады. 

Эпилог

Жамбыл атындағы филармонияның Орталық концерт залында (ЦКЗ) Н.Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрімен берген кезекті концертіне біздің Ахмет Жұбанов мектебінің балаларын да апарды. Ауық-ауық филармонияда өтіп тұратын осындай концерттерге интернат балаларын жиі апарып тұратын жақсы үрдіс о заманда да болатын. Ал біз «интернатский» деген анықтама қағазымен кез келген жерге, мекемелерге, музей, театрларға тегін кіріп, қоғамдық көліктерде де тегін «кәшелетінбіз». Құдай бұйыртып, бұл жолы да «Отырар сазының» Нұраға дирижерлік еткен концертіне түстік. Қоштасқандай ишарат етті ме – әдеттегідей «Құстар әнін» елімен бірге шырқап, концертін аяқтады. Халық қимай ұзақ тұрып алды. 
Иә, бұл Нұрғиса атамызды соңғы көрген кезіміз екен. 
Қоңыр күзде аңыздан айырылып қалғанымыз туралы қаралы хабар да жетті. Мектеп балалары ол кісіні қимас­тықпен ұзақ әңгіме еттік. Тамсандық. Сүйсіндік. Еске алдық. Мың жылда бір туатын ұлы адамның өткеніне қапа болдық, қайғырдық. Өкіндік. 
Нұрағамен қоштасуға М.Әуезов атындағы драма театрында өткен қаралы митингіге бір топ мектеп-интернат балалары барып-қайттық… 

Нұркен Әшіров