«Alatone» 2025 халықаралық музыкалық фестиваліндегі жеңіс

Педагог Мухамеджанова Гүлжамиля Бурхановнаның сыныбының оқушылары Ереван қаласында өткен халықаралық «Alatone» музыкалық фестивалінде зор жетістікке жетті.
– Муратов Санжар (12-сынып) – Гран-при
– Карабалина Жансая (9-сынып) – Гран-при

Сонымен қатар, Гүлжамидя Бурхановна шеберлік сабағымен қатар сахнада жеке орындаушылық өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал шәкірттері Муратов Санжар мен Карабалина Жансая гала-концертте өнер көрсетіп, Гран-приді иеленді.

2025 жылдың 12-14 қыркүйек күндері Ереван қаласында алғаш рет Қазақстанның «Alatone» қайырымдылық қоры ұйымдастырған Халықаралық балалар мен жасөспірімдер музыкалық фестивалі өтті.

Бұл айтулы шараға әлемнің әртүрлі елдерінен (Армения, Қазақстан, Испания, Австрия, Венесуэла, Қытай, АҚШ және т.б.) келген жас классикалық музыка орындаушылары, сондай-ақ Армения, Қазақстан, Португалия, Испаниядан шақырылған белгілі музыканттар мен профессорлар қатысып, фестивальдің салтанатты ашылуында көрермендерді өнерлерімен тәнті етті.

Фестиваль аясында көрнекті ұстаздар фортепиано, виолончель, арфа, флейта, кларнет, саксофон, труба аспаптары бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, жас музыканттарға шабыт сыйлады. Концерттік бағдарламада қазақ, армян және еуропалық композиторлардың туындылары орындалды. Олардың қатарында: Абай, Комитас, А. Хачатурян, А. Бабаджанян, Ф. Шопен, Р. Шуман, С. Рахманинов, Л. Сарьян, Э. Мирзоян, Э. Багдасарян, А. Жоливье және тағы басқа композиторлар бар.

Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Иманбаев өз құттықтау сөзінде: «Жаһандық сын-қатерлер жағдайында мәдениет – халықтарды біріктіріп, елдер арасындағы сенімді нығайтатын күш» екенін атап өтті.

Ереван төрінде өткен «Alatone» 2025 халықаралық фестивалі – мәдениеттің рухани өмірді байытып қана қоймай, халықтар арасындағы достықты арттыра түсетін жарқын үлгісіне айналды.