19 қараша Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты» республикалық мемлекеттік мекемесінің 55 жылдық мерейтойы атап өтілді.
⠀
Мерекелік шараға еліміздің жан-жағынан әрі шет елдерден құрметті қонақтар мен мектеп түлектері қатысты. Осы іс-шараға арнайы Ташкент қаласынан келген, кезінде Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі болған, Глиэр атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-лицейінің директоры Бахром Тохтаевич мектеп директоры Нұркен Нұрғалиұлына шапан жауып, мектебіміздің аты Өзбекстанда да танымал әрі Ахмет Жұбанов атындағы Халықаралық жас орындаушылар байқауының маңыздылығы туралы айтып өтті.
Салтанатты кеш барысында, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызының ізгі тілегін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Жылқышыбайұлы жеткізіп, білім ордасында көптеген жыл еңбек еткен тәжірибелі ұстаздарды марапаттады. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімі орынбасарының көмекшісі Данияр Алиев мектептің үздік ұстаздарын қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Алғыс хатымен марапаттады.
⠀
Осы кешке қолдау білдірген «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясына және Алматы қаласының әкімдігіне алғыс білдіреміз. Кешті жүргізген Әділ Ахметов пен Жанель Макажанға да үлкен алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс тілейміз!
⠀
Өнер қайраткерлері мен кеш қонақтарының жүздерінен концерттің жоғары деңгейде атап өтілгендігі байқалды. Бірнеше ай бойы дайындалған еңбектің арқасында мектеп ұжымы мен оқушылары өнер сүйер қауымға көңілді кеш сыйлады. Бұл күн – мектеп тарихында қалуға әбден лайық күндердің бірі.
⠀
Мерейтойымызға келген барлық қонақтарға алғыс білдіреміз! Егеменді еліміздің аспанында ән мен күй қалықтап, тұғырлы елдің тәуелсіздігі баянды болғай!