Бүгін мектебіміз үшін есте қаларлық ерекше күн болды. Өнерге құштар өрендеріміздің жолын айқындап, шығармашылық сапарларына серік болатын заманауи үлгідегі жаңа автобус мектебімізге тарту етілді.
Бұл игі сый – «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асты. Автобустың кілтін мектебімізге қордың бас директоры Альфия Адиева табыстап, ізгі тілегін жеткізді.
Мектеп директоры Риммат Қадырхановна қонақтарды құрметпен қарсы алып, шынайы алғысын білдіріп, бұл тартудың балаларымыздың қауіпсіздігі мен жайлылығына, сонымен қатар олардың өнер жолындағы қанаттануына жасалған үлкен қамқорлық екенін атап өтті.
Бүгінде мектебімізде 485 оқушы білім алуда. Гастрольдер мен концерттер – оқу үдерісінің маңызды бөлігі. Әрбір өнер сапары – шәкірттеріміздің шыңдалуына, ел мәдениетін өрге сүйреуіне жол ашады. Сондықтан жаңа автобустың тарту етілуі – балаларымыздың арман-мақсатына апарар сенімді көпір.
Салтанатты рәсім концерттік бағдарламаға ұласып, оқушыларымыз өнер көрсетіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал ең тағылымды сәт – автобустың ресми түрде ашылу рәсімі болды.
Мектебіміздің ұжымы атынан осындай қолдау көрсеткен демеушілерге зор ризашылығымызды білдіреміз. Бұл тарту – тек балаларымызға жасалған сый ғана емес, қазақ өнерінің болашағына бағытталған асыл қадам.





































































































































