Әр жылдардағы мектеп бітірушілер де шығармашылық қабілеттері мен таным-түйсіктерінің түбегейлі дамуына теория бөлімінде өткен сабақтардың айрықша көмектескенін өз естеліктерінде ризашылықпен еске түсіреді. Мектеп ұстаздары ұзақ жылдан бері басты бағыт ретінде сабақ жүргізу барысында оқушылардың музыканы қабылдау мүмкіндігін мұқият ескеруді алдыңғы орынға шығарып келеді. Алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру жолында білек түріп, батыл қадамдар жасайды. Баламен жеке жұмыс істей отырып, ортақ тіл табыса білу және шығармашылық әлеуетін арттыру – педагог-теоретиктердің кәсіби біліктілігінің басты көрсеткіші саналады.
Музыкалық-педагогикалық білім беру жүйесінде маңызды рөл атқаратын негізгі шарттардың бірі – қарым-қатынас мәдениеті. Өзара сыйластық пен түсіністік бірлесе жұмыс істеуге қолайлы жағдай тудырады. Теориялық пәндер әр мамандықтың өзіне тән ерекшеліктерін қарастырады. Туындылардың музыкалық мазмұны, құрылыс ерекшеліктері жан-жақты талданады.
Академик, өнертанушы, профессор Ахмет Жұбанов және алғашқы директор Т.М.Өзбеков оқушылардың музыкалық сауатын ашуда теория бөлімінің қажеттілігін дер кезінде түсініп, теориялық тәртіппен жұмыс істейтін білікті мамандарды жинақтады.
1964 жылы Т.М.Өзбеков бөлімнің кәсіби дәрежесі болмаса да консерватория бітірген, музыкалық білім жүйесінде тәжірибесі мол оқытушыларды ұстаздық қызметке шақырды.
Бөлімнің алғашқы меңгерушісі, директордың музыка ісі жөніндегі бірінші орынбасары Валерия Ивановна Мавриди оқу бағдарламасын әзірлеп, ғылыми-әдістемелік жұмыс жоспарын құрды. Сол уақыттағы мұғалімдер Л.А. Воронова, М.П. Сабитова, Г.Н. Зубкова, Г.В Анашкина, Э.И. Коноплева, С.А. Күзембаева, Н.Н.Салник және басқа ұстаздармен тізе қосып, бөлімнің жеке тіркелуіне қол жеткізді.
1966 жылы теориялық бөлім кәсіби дәрежеге ие болып, теоретик-мамандар мен өнертанушыларды тәрбиелей бастады. 1969-1970 жылы өнер әлеміне алғашқы түлектерін ұшырды. Бұл күнде Т.Егінбаева – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты, С.Естемесова – педагогика ғылымдарының кандидаты, Д.Омарова – П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледж оқытушысы және әр жылдары Шымкент қаласындағы Өнер институтында Н. Малқарова дәріс берді.
Бөлім әр жылдары жаңа мамандармен толығып отырды. Олардың әрқайсысы жас буындарды оқытып-тәрбиелеуде үлкен үлес қосып, жиған-терген білімдерін ерекше махаббатпен бөлісті. Л.А.Жуйкова, Л.Г.Павлова, А.В.Мельков, В.А.Писмарева, В.В.Миненко, О.К.Шашкова, Т.К.Егінбаева, М.А.Диқанбаева, А.Е.Байғасқина, Т.М.Сапарғалиева, А.С.Кетегенова, Л.П.Игнатенко, А.С.Қарамендина, Д.А.Ахметбекова, А.А.Зобкова, Г.Б.Кұндақбаева, А.С.Құрманбаева, Л.О.Корбань, М.Б.Ерғалиева, П.Ш.Шегебаевтың жұмыс барысындағы басты қаруы – балаларға деген сүйіспеншілігі болды. Олар қанша жерден жоғары санатты ұстаз болғанымен, шәкірт жүрегіне жол тауып, сенімін қалыптастыра алмаса, балалар бойындағы ұшқынды үрлеп, талантын ашамын деу бос әурешілік екенін жақсы түсінді.
1980–90 жылы теория бөлімінде әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан бірқатар игі дәстүр, тың бастамалар дүниеге келді. Мәселен, Абай атындағы Опера және балет театрының қойылымдарын тұрақты тамашалау, жаңа жыл мерекесінде бастауыш сынып оқушыларына П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті негізінде таңғажайып ертегін ұсыну, «Жұмадағы жүздесу» тақырыбында лекция-концерттер ұйымдастыру, «Алғашқы қадам» жобасында жас музыканттарды мектеп сахнасына шығарып, тұсауын кесу, сыйлықтар ұсыну сияқты толып жатқан шаралар жүзеге асты. Айына бір рет «Камертон» аталатын музыкалық қабырға газеті шығарылып, онда жас таланттардың гастрольдік сапары, атақты адамдармен кездесуі, музыка туралы ойлары, пікір-таластары жарияланды.
1993 жылы А.Жұбанов атындағы жас орындаушылардың халықаралық конкурсфестивалінің салтанатты ашылуы жаңа міндеттер жүктеді. Сол кезде құрылған баспасөз орталығы әлі күнге жұмысын тоқтатқан жоқ. Қадірменді қонақтар мен қазылар алқасының мүшелерін суретке түсіру, пікір алмасу, ақпараттық стенд, естелік альбом дайындау бірауыздан келісілген.
Теориялық олимпиадалар мен байқаулар тұрақты өтіп, консерватория оқытушылары лекция оқиды. П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжбен берік қарым-қатынас орнаған.
Бөлімнің жарты ғасырлық жұмысының нәтижесі ретінде бітірген түлектердің өнердегі жолын адаспай тауып, мәдениет пен руханият, ғылым мен білім саласында өз орнын тапқанын айтуға болады. А.Сабырова – Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория доценті, А.Қарамендина – доцент, өнертану кандидаты, А.Бердібай – Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның аға оқытушысы, өнертану ғылымының магистрі, Г.Каңтарбаева – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті, өнертану ғылымының кандидаты, С.Темірғалиева – Жезқазған музыкалық колледж оқытушысы, Д.Бақтығалиева – өнертану ғылымының кандидаты, теле-редактор, Д.Қалимова – теле-жүргізуші.
Жоғарғы оқу орнын бітірген түлектердің туған ұясына бір соғып кететіні бұлжымайтын дәстүрге айналған. Әр жылдары теория бөлімінде сабақ берген П.Ш.Шегебаев – Қазақ ұлттық өнер университеті музыка факультетінің деканы, профессор, Б.Дәлденбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның доценті, Ә.Әбдінұров – Қазақ ұлттық өнер университеті композиция кафедрасының оқытушысы, Н.Нұридин – Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның студенті.
Қазіргі уақытта ұжым жетекшісі –. Музыкалық білім саласында қырық жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның отыз жылын үздік бітірген теоретик ретінде туған мектебіне арнады.
Қазір бөлімде меңгеруші қызметін – Турабаева Р.С. атқарып жүр. Еңбек етіп келе жатқан мектеп түлектері – О.К.Шашкова П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын бітірген, Р. З. Стамбек — Ерен еңбегі үшін Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен марапатталған, Р.Б.Қоқымбаева, З.А.Тұрбекова, А.С.Таныбекова, сондайақ Г.А.Рысдәулетова, А.М.Бекжігітова, М.М.Шегірова, Г.И.Мурзагалиева, Р.С.Тұрабаева, В.Ш.Шукенова, Ж.Назарбаева, Л.Бейсенова, жұмыс істейді.
Ашық сабақтар өткізіп, әдіс-тәсілдер алмасу, мектепте өткен республикалық, халықаралық байқауларды талқылаудан бөлек теория бөлімінің бүгінгі таңдағы жетістіктері – қазақ тілінде оқулықтар жазу, методикалық құралдар аудару. Кейінгі өсіп келе жатқан жас музыканттардың өз тілінде білім алуына жағдай жасау. 2009 жылы З.А.Тұрбекова және Р.С.Тұрабаеваның әлем музыка әдебиеті бойынша «Әлем музыка әдебиетінің бағдарламасы» оқулығы жарыққа шықты. 2014 жылы З.А.Тұрбекова, Е.К.Қабдуллин, М.М.Шегірова және Т.Жармұхамет «4-6 сыныптарға арналған музыка әдебиеті оқу құралы» әдістемесін әзірледі.
Бөлім ұстаздарының қайсарлықпен атқарып келе жатқан ғылымишығармашылық жұмыстарының тағы бірі – теоретик мамандарды жыл сайын дайындап, әртүрлі деңгейдегі олимпиада-байқауларға қатыстыру. 2017-2018 жылдары Астана қаласында өткен халықаралық байқаудаларда Рысдаулетова Г.А. шәкірттері жүлделі орындарға ие болуы соңғы жылдардағы айтулы жетістіктердің бірі.
Жаңа кезең теоретиктері балалардың өнер кеңістігінде өз орнын тауып, танымдық қызметін арттыруға, шығарма талдау барысында өз ісіне мұқият қарауға, ойын толық жеткізуге, шығармашылық ізденістер барысында батыл қадамдар жасауға үйретеді.
А.Жұбанов мектебінің өнертанушы ұстаздары жас музыканттардың есту, ырғақты сезіну, есте сақтау қабілетін дамытып, оқытудың жаңа технологияларын қолданумен қатар, олардың артистік, ұйымдастырушылық, жанжақты бейімділік, ойлау қасиеттерінің де қоса қалыптасуына күш салады.
Теория бөлімінің оқытушылары мәдениет, білім саласындағы республикалық, халықаралық ғылыми-тәжірибелік жиындарға тұрақты қатысады. Біліктілікті арттыру курсына жіберіледі. Дәстүрлі музыка кеші мен классикалық жанрдағы концерттерден қалмайды. 55 жылдық мерейтой қарсаңында бөлім базасында музыкалық білім жүйесіндегі өзекті мәселелерге арналған «Қазақ музыкалық өнерінің өткені мен бүгіні және келешегі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылуда. Мектептің мықты материалдық базасы, жоғары дәрежелі кәсіби педагогтар құрамы, олардың білім сапасын көтеру жолындағы үнемі ізденісі – бөлімнің табысты жұмысының кепілі саналады.