Виолончель және контрабас

1964 жылы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыка мектепинтернаты құрылған сәттен виолончель және контрабас бөлімі жас музыканттарға есігін айқара ашты. Аты аңызға айналған ұжымның басықасында бөлім меңгерушісі С.М.Жәкеев, А.А.Винтерголлер, Ю.В.Гусев, Е.Н.Луценко, Л.Ш.Хазиахметова, Н.Я.Давыдов, К.Қ.Нарбековтер болды. 1968 жылы арфа сыныбы тұңғыш рет білім бағдарламасына қосылып, симфониялық оркестр артисі М.Н.Иванова оқытушылық қызметке шақырылды. Е.Мыңтаев, М.Керімбаев, Л.Абдуллина тәрізді түлектер өнер сүйер қауымның көзайымына айналып, есімі елге танылды. А.Құлжанова, Р.Құлмаметов, С.Дайыров, М.Бүйенбаев, Г.Бүйенбаева, А.Әміреева Н.Бекназаровтар ұлағатты ұстаздары салып кеткен сара жолға түсті. Білікті мамандар бойындағы кәсіби білім мен жоғары мәдениет және ерекше ұйымдастырушылық қабілет шәкірттеріне де дарып, бүгінгі таңда бөлім түлектері бірқатар өнер ұжымдарын басқарып жүр. Мәселен, К.Ботабаев – Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледж директоры, М.Зәкіров – Абай атындағы Опера және балет театрының бас әкімшісі, О.Жұмабаева – Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония әкімшісі. Арыстанбек Мұхамедиұлы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі.