2019 жылдың 8 қазан күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызының бұйыруымен Нуркен Нургалиевич Аширов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымына тағайындалды.
⠀
Нуркен Нургалиевич 1985 жылы 20 қаңтар күні Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Пионер ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатын домбыра сыныбы бойынша үздік аяқтады. 2006 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын «домбыра, оркестр әртісі, оқытушы» мамандығын бітірген.
⠀
Көптеген Халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты. Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ-да мұғалімдік қызмет атқарған.
⠀
Бүгін өнерге бет бұруына алғашқы септігін тигізген білім мен өнер ордасына директорлық қызметке тағайындалды. Осы мектепте оқып, интернатта тұрғандықтан, мектеп өмірінің тыныс-тіршілігін, қажетті мүмкіндіктерді жақсы білгендіктен, директорлық лауазымға тағайындалғанына Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ ұжымы қуанышпен қарсы алып, алдағы жұмысына табыс тіледі.
⠀
Нуркен Аширов – талантты домбырашы, ұлттық аспаптың барлық амалдары мен формаларын бойына сіңірген, заманауи күйлерді нақышына келтіріп ойнайтын және ұлттық аспабымызды кеңінен насихаттап жүрген ерекше домбырашы. Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ-ды биік деңгейге көтеріп, адал басшы боларына сенеміз.