Ажгалиева Каусария Жамбировна атындағы кабинет

Бүгін мектебіміздің 45-ші кабинетіне 45 жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген зейнеткер ұстаз Ажагалиева Каусария Жамбировнаның есімі берілді.

Шығармашылық ізденістерді жаны сүйетін білікті маман өз шәкірттеріне тіл мүмкіндіктерін терең таныту үшін күш-қуатын сарқа пайдаланып, ерік-жігерін аяған жоқ. Әр сабағын жазушылардың шығармаларымен байланыстыра отырып, әдебиет әлемін меңгертудің түрлі әдістемесін ойлап тапты. Бір тақырып төңірегінде шектеліп қалмай, ел тарихы мен руханиятын жан-жақты қамтуға тырысты.
Каусария Жамбировна – бір салада жүрген әріптестерімен бірге орыс тілі мен әдебиетін біріктіріп өткізу жолдарын тәжірибеге енгізді. Кәсіби білігі мен жеткен жетістіктерімен қаладағы, республика көлеміндегі мектеп ұстаздарымен бөлісті. Мұғалімдер кеңесінде баяндама жасап, «Орыс тілі – қазақ мектебінде» журналы арқылы жұртшылыққа жария етті. Шығармашылық зерттеулеpі мен шығыс әдебиетіне деген құмарлығы 2000 жылы Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен әлем әдебиеті бағдарламасы бойынша «Шығыс ақындары» оқулық-хрестоматиясының шығуына себеп болды.

«Менің ішкі әлемім оқушыларыммен үндес, табиғатымыз ұқсас. Сондықтан болар, әлі күнге шәкірттеріммен байланыс үзген емеспін. Олар мені үнемі қанаттандырады, бір-бірімізді ұмытпай, бірге жасасып келе жатқанымыздың құпиясы осында жатса керек. Бұл мен армандаған мағыналы өмір,» – деп Каусария Жамбировна жарты ғасырға жуық еңбек еткен білім ордасы мен шәкірттеріне деген сағыныш лебізін білдірді. Өткен күннің жарқын естеліктерін еске алып, директорымыз Нұркен Нұрғалиұлына ақ батасын беріп, бала кезден алғырлығымен ерекшеленген шәкіртіне жаңа лауазымға әбден лайық әрі абыроймен атқара алатынына сенімділігін білдірді.
Ал, мектер директоры Каусария Жамбировнаның мектеп үшін сіңірген еңбегіне алғысын білдіріп, «Біздердің осы жолдағы жетістіктеріміз сіздей ұстаздардың арқасында»,-деп аяулы ұстазына деген алғысын білдіре отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат тіледі.

Сөз соңында Каусария апамыз мұғалімдерге: «Ұстаздық жұмыста ең алдымен, оқушыларды жақсы көру керек,»- деп сөзін қорытындылады.
Мектеп әкімшілігі ардагер ұстазымызға құрмет білдіріп, шапан жауып, ақ тілектерін жаудырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған