13 желтоқсан күні мектебімізде Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған концерт өтті.
Мерекелік шараның алғашқы құттықтау сөзін мектеп директоры Әшіров Нұркен Нұрғалиұлы бастап, Тәуелсіздіктің ұлы ұғым екенін, туған жеріміздің әрбір тасын бағалап, ертеңімізге бек сеніммен қарауымыз керек екенін, бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар осы күнді арқалап, ұрпақ үшін жан аямаған ата-бабаларымызды еске алу күні екенін атап өтті.
Осы уақытқа дейін қазақтың басынан не келіп, не өтпеді?! Дүниежүзілік соғыстар, ұлт-азаттық көтеріліс, жұт, ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы және бүгінгі таңда 33 жылдық тарихы бар – Желтоқсан көтерілісі. Осындай азапты да қайғылы жолдардан өтіп, өз алдына дербес мемлекет болғанына биыл 28 жыл. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Ұлтымыздың қайсар мінезі мен бірлігінің, батырларымыздың ерлігінің, даналарымыздың өсиетінің, Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен намысшылдығының арқасында азаттықтың ақ таңын көріп келеміз.
Сондықтан да, болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылатын бұл күнді жаңа жыл мерекесінен де ерекше тойлап, жас ұрпақ кемел тарихын терең танып, еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында мектебімізде апта бойы ашық сабақтар өткізіліп, бүгін қорытынды концерт өтті.