Нұркен Әшіровтың «Желдірме» атты кітабының тұсаукесері өтті

9 наурыз күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, өнер зерттеушісі Нұркен Нұрғалиұлы Әшіровтың
күйші-композитор Әшірәлі Шыңқожаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған «Желдірме» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл кітап Шу өңірінде өткен күйші-композитор, ақын әрі әнші Әшірәлі Шыңғожаевтың 100 жылдық мерейтойына орай күйлері мен әндері жинақталған, өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған алғашқы еңбек. Еңбекте күйші өмірбаяны мен ұрпақтары, тегі мен туған жері туралы мағлұматтар берілген. Сондай-ақ, қолдағы бар музыкалық мұралары нотаға түсіріліп, жаңа үлгіде қайта ұсынылып отыр. Кітап орындаушылар және ғылым, білім саласындағы мамандар мен өнерсүйер көпшілік қауымға арналған.

Тұсаукесерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, күйшілер, журналистер және өнерсүйер қауымдар қатысты.

Кітаптың қызыл лентасын «Президент және халық» газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Ермұрат Үсенов және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев кесті.

Сонымен қатар тұсаукесер рәсімінде Әшірәлі Шыңқожаевтың күйлерін Арнай Надырханов, Дастан Қазкенов, Ерасыл Есбердинов және Сымбат Абдуахаб керемет орындап шықты.

Осындай шараны өткізуге қолдау көрсеткен ҚР Ұлттық кітапхана ұжымына үлкен алғыс білдіреміз!